Kaz Rus Eng
Кассаның жұмыс уақыты: 10.00 ден 17.30 дейін

Камил Муллашевтың 75-жылдық мерейтойына арналған жеке көрмесі

22.11.2019

22 қараша күні Тəуелсіздік Сарайының Өнер галереясында, есімі əлемге əйгілі – Камил Муллашевтың мерейтойлық вернисажы өтті.
         Көрме Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мəдениет қайраткері, Қазақстан Көркем өнер Академиясының академигі, Татарстан Республикасының халық суретшісі, Хан-Шан мен Шан-Тао(Қытай) университеттерінің құрметті профессоры Камил Валиахмедұлының 75- жылдық мерейтойына арналған.
Камил Валиахмедұлының шығармашылығы мен өмірлік ұстанымы – үлкен еңбексүйгіштіктің, көркем өнердегі мінсіздікке деген айырықша ұмтылыстың, рухани тазалық пен адамгершіліктің үлгісі. Суретшінің шығармашылық жолы – КСРО халық суретшісі Т.Салаховтың шеберханасында оқып жүрген кезінде, В.И. Суриков атындағы Мəскеу мемлекеттік Көркемөнер институтын тəмамдағаннан кейін айқындалған. Қылқалам шеберінің бетке ұстар туындысы, «Жер мен Уақыт. Қазақстан» атты дипломдық жұмысын Мемлекеттік Третьяков галереясы сатып алып, бірнеше рет репродукциядан өткізген.
         Камил Валиахмедұлы Муллашев 75 жылдық мерейтойына шеберлігі шыңдалып, бейнелеу өнерінің тылсым құпия сырларын толық меңгеріп, ғажайып туындыларымен əлем жұртшылығын тамсандырып, кемелденген шағында бірнеше белестерді бағындырып келіп отыр. Автордың барлық жұмыстары шабыт пен шеберліктің таңбасымен белгіленген, сондықтан əрдайым реалистік өнердің жоғары принциптеріне ілесіп отырады. Суретшінің портреттерінде – өз уақытының нағыз қаһармандары (Абылайхан, Н.А. Назарбаев, Ғабдолла Тоқай, акын Сара); жанрлық жұмыстарында– қарапайым да мəңгі болатын өмір мен махаббат негіздері («Жастық», «Нан науқаны», «Бүркітшінің демалысы»); табиғат көріністерінде – ерекше метафорлық сұлулық («Ақ шөл үстінен», «Түс кезінде Ыстық-Көл жағасында», «Дала əуендері»); мүсіндерінде – əйел сұлулығы, ақылы мен сүйкімділігінің үлгісі («Сүйімбике-ханбике») бейнеленген. Камил Муллашев танымал да сұранысқа ие қылқалам шебері. Ол Қазақстанды халықаралық биенналеларда əрқашан жетістікпен көрсетіп, шет елдерде көрмелер өткіз еді. Суретшінің шеберлік-сыныптары аталмыш саланы меңгеріп жүрген кез-келген жасқа қызықты, теледидарлық бағдарламалары əрдайым мазмұнға толы, терең ойлы болып өтеді. Камил Муллашевтың шығармашылығы – Қазақстанның рухани мəдениетінің бір бөлігі, тарихымыздың, еліміз бен əр кісі өмірінің көркем өнер көрінісі.
         Аталмыш іс-шараға Қазақстанның белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, "Таң" татар-башқұрт мәдени орталығының өкілдері,ҚР Парламентінің депутаттары, мəдениет жəне қоғам қайраткерлері, дипломатиялық корпус өкілдері мен Қазақстан суретшілері қатысқан болатын.

         2019 жылы 22 қараша- 31 желтоқсан аралығында өтетін көрмеге қала тұрғындарын мен қонақтарын шақырамыз!