Кассаның жұмыс уақыты: 10.00 ден 17.30 дейін

Біз туралы

    Қысқа мерзім ішінде Нұр-Сұлтан жалпы ұлттық идеяның және тәуелсіздігіміздің нышанына, жас мемлекетіміздің жаһандық жетістігіне  айналды. Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-саяси орталықтарының бірі - Тәуелсіздік сарайы. Тәуелсіздік сарайы елордамыздың басты алаңында «Қазақ елі» монументі, Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, Ұлттық өнер университеті және «Әзірет Сұлтан» мешітімен іргелес орналасып, бірегей сәулет ансамблін құрайды.  Ғимараттың заманауи ішкі көрінісінде ресми стиль мен жайлы эстетика үйлескен, сыртқы пішінінің ерекшелігі - қазақ ұлттық мәдениетінің нышаны - қазақ киіз үйі  керегесіне ұқсатып мәнерлі архитектурада салынған.

  Тәуелсіздік сарайы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен  2008 жылы 15 желтоқсанда ресми түрде ашылды. Дамыған инфрақұрылымы, жоғары деңгейдегі техникалық жабдықталуы және сапалы менеджменті республикалық және халықаралық деңгейдегі форумдарды, кездесулерді, съездерді және басқа да іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сарайдың ішкі көрінісінде ресми стиль және жайлы эстетика үйлесіп тұр.

   40 мың ш.м. асатын аймағында кең залдар мен галереялар орналасқан. Ғимарат үш қабаттан тұрады. Бірінші қабатында баспа-сөз орталығы, конференц-зал, сопақша зал, екіжақты келіссөздер өткізу бөлмелері, конгресс-зал және салтанат залы орналасқан.

    Тәуелсіздік сарайында көптеген маңызды іс-шаралар өткізіліп, олардың кейбіреулері еліміз үшін тарихи оқиғаларға айналды. Атап айтатын болсақ  2010 жылғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Саммиті бүкіл дүниежүзілік жұртшылықтың назарын өзіне аударды. Саммитке 38 ел басшылары және 73 ЕҚЫҰ мүшелері және серіктестерінің ресми делегациялары қатысты. 2011 және 2015 жылдары өткен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың, сондай-ақ 2019 жылы қазіргі президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ұлықтау рәсімін ерекше атап өткен жөн. Сонымен қатар, біздің ғимаратта жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің ел басшылар деңгейіндегі отырысы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) мен Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) мерейтойлық саммиттері өтті. Еуразия елдері Парламенттері спикерлерінің IV кеңесі сарай тарихындағы 2019 жылдың ең маңызды оқиғасы болды. Бұл іс-шараға 65 еуропалық, азия, араб мемлекеттері мен ТМД елдерінің парламентарийлері, сондай-ақ 14 халықаралық ұйым, оның ішінде Еуропа Парламенті мен Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Парламенттік Ассамблеясының өкілдері қатысты. Жыл сайын «Nur Otan» партиясының съездері өтеді. Жетілген жарық техникалық кешені мен дыбыс техникалық жабдықтары арқасында ресми іс-шаралармен қатар концерттерді, көрмелерді, мерекелік жиындарды өткізуге барлық мүмкіндіктер бар.

    Конгресс залдың ерекшелігі оның жылжымалы қабырғалары болып табылады, олардың көмегімен залды төртке бөлуге болады. Залдың жалпы аумағы 4 775 ш.м. құрайды және 3082 орынға арналған. Зал жарық және дыбыс өткізбеу мүмкіндіктері бойынша жаңа технологияларға сәйкес келеді.

    Сарайдың екінші қабатында өнер галереясы орналасқан. Тәуелсіздік сарайы көптеген отандық және халықаралық  мәдени іс-шараларды ұйымдастырды. Олардың ішінде  2013 жылы  «Кимоно шебері Итику Куботаның дүниеге көзқарасы» кимоно коллекциясының бірегей көрмесі - Жапония; Ұлы Император Наполеонға арналған «Наполеон. Өмір. Аңыз» атты көрме - Француз Республикасы;  2014 жылы Корей Республикасының Президенті Пак Кын Хен ханымның мемлекеттік сапары кезінде ашылған «Адамдар»,  «People» атты қазіргі заман көркем өнерінің көрмесі - Оңтүстік Корея. 2014 жылы Ресей Федерациясының еңбек сіңірген суретшісі Никос Сафроновтың «Таңдаулылар» атты жеке көрмесі өтті. Қала әкімдігі мен «TSE Art Destination» заманауи өнер галереясы бірлесіп ұйымдастырған «Галактика бойында» көрмесі есте қаларлық оқиға болды.​

    Ғимаратымыздың қонақтарын елорданың қарқынды дамуы мен сәулет көрінісін бейнелейтін, өзінің көлемімен таң қалдыратын Нұр-Сұлтан қаласының 2030 жылға дейін даму бас жоспарының  макет залы ерекше орын алады. Макет астанамызды құс ұшар биіктіктен көруге мүмкіндік береді. Ол сарайдың үшінші қабатында орналасқан.

    Нұр-Сұлтанның мәдени-саяси өміріне үлесін қосқаны және жоғары дәрежеде өткізілген іс-шаралар үшін Тәуелсіздік сарайы ұжымы Қазақстан Республикасы Президентінен алғыс хат алып, ICOM Kazakhstan-нан «Жыл мұражайы»  дипломымен марапатталды.

    Тәуелсіздік сарайының қонақтары саяси билік, ежелгі дала мәдениеті және болашаққа деген ұмтылыс біріктірілген астананың беделді нысанымен қызықты кездесу күтеді.

Марапаттар