Кассаның жұмыс уақыты: 10.00 ден 17.30 дейін

Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы облыстық филиалдарының өкілдерімен кездесті

25.11.2019

   Отырысқа «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісіндегі Фракция  депутаттары, мәслихат фракцияларының хатшылары мен жетекшілері қатысты.

   Кездесу барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Б.Байбек және партия филиалдарының  өкілдері баяндама жасады.

   Баяндамашыларды тыңдаған соң, Елбасы «Nur Otan» партиясының қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан барлық мүшелерінің еңбегін  атап өтті.

   – «Nur Otan» біздің қоғамымыздың алуан түрлілігін көрсетеді. Біз – ел болашағына жауапты бүкіл Қазақстан халқының партиясымыз, нақты істер партиясымыз.  Бізде Қазақстанның дамуына қатысты нақты ұстаным бар, тиісті стратегия мен жұмыс жоспарлары бекітілді, қажетті ресурстар қарастырылған, - деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

   Сонымен қатар, Партия Төрағасы қоғамды Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төңірегінде топтастырудың және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.

   Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы табыстары туралы айтып, елдің барлық жетістіктері партиямен және партия мүшелерінің күнделікті жұмысымен тығыз байланысты екенін атап өтті.

   – Соңғы жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 11 миллиардтан 170,5 миллиард долларға дейін өсті. 90-жылдардың басында халықтың үштен бірінен көбі кедейлік шегінде өмір сүретін. Бүгін бұл көрсеткіш 4,6%-ға дейін төмендеді. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 27% құрайды. Біз 300 миллиард доллардан астам тікелей шетелдік инвестиция тарттық. Осы жылдар ішінде Қазақстанның транзиттік әлеуетін едәуір нығайта алдық, - деді Елбасы.

   Сондай-ақ, Тұңғыш Президент Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясының негізгі басымдықтарын алға жылжыту және түсіндіру бойынша жұмысты ұйымдастырудың маңыздылығына назар аударды.

   Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің экономиканың жекелеген салаларын одан әрі дамыту жөніндегі жоспарларына жеке тоқталды.

   – Үкімет өңірлерді, әсіресе, ауылдарды қолдауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бағдарламалар қабылдады. Мәселен, 2026 жылға дейін ауылдарды қолдауға 2 триллион теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Алдағы үш жылда халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге 560 миллиард теңге бөлу жоспарда бар. Осы жұмыстар нақты орындалатын болса, 2023 жылдың соңына қарай ауылды жерлердің барлығы сапалы ауыз сумен қамтылады , - деді партия Төрағасы.

   Сонымен қатар, Елбасы шағын және орта бизнестің ел экономикасындағы үлесін ұлғайту бойынша жоспарланған шаралар мен «Еңбек» бағдарламасын іске асырудың болжамды нәтижелері туралы айтты.

   – Алдағы екі жылда «Еңбек» бағдарламасымен шамамен 1,5 миллион адам қамтылып, 750 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. 2020-2025 жылдары шамамен 1 миллион пәтер салынатын болады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

   Жиын барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті партияның жергілікті жерлерде жұмыс тиімділігін одан әрі арттырудың бірқатар негізгі бағыттарын атады.

   – Әр әкімнің және мәслихаттардағы фракция депутаттарының партиялық жауапкершілігін түбегейлі күшейтуіміз керек. Бүгінгі таңда барлық реформалар өңірлерді дамытуға бағытталған. Мәселен, соңғы 10 жылдың ішінде жергілікті бюджеттер 3 есеге жуық өсіп, 4,7 трлн. теңгені құрады. Бөлінген қаражаттың жұмсалуына партиялық бақылауды ұйымдастыру маңызды. Сонымен қатар, депутаттардың жұмысын одан әрі жақсарту және барлық мәслихаттардың мәртебесін нығайту жөніндегі шараларды қабылдау қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

   Сонымен қатар, «Nur Otan» партиясының Төрағасы әр облыста, қалада және ауданда сайлауалды бағдарламаларын дайындауды қамтамасыз етуді тапсырды.

   – Келесі жылы өңірлерді дамытудың бесжылдық бағдарламаларын іске асыру аяқталады. Жаңа бағдарламаларды қабылдау қажеттілігі жаңа электоралдық кезеңге сәйкес келіп отыр. Сондықтан бұл бағдарламалар әр өңір бойынша мәслихат сайлауында партияның сайлауалды бағдарламасының негізіне айналуға тиіс. «Nur Otan» партиясының Мәжіліс сайлауындағы сайлауалды бағдарламасына келетін болсақ, бұл жұмысты Саяси кеңес Бюросының мүшесі ретінде Премьер-Министр басқаруы қажет. Бұл бағдарламаны қазірден бастап дайындауға кіріскен жөн, - деді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті.

   Сонымен бірге, Елбасы сапалы партиялық тізімдерді қалыптастыру үшін ашық ішкі партиялық іріктеу жүргізудің маңыздылығына назар аударды.

   – Әр мәслихаттағы сайлауалды партиялық тізімдерге кемінде 30% әйелдер және 20% 35 жасқа дейінгі жастар енуі керек. Сондай-ақ, тізімге халықтың түрлі топтарының өкілдері, елге оралған отандастар, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер мен БАҚ өкілдері енуге тиіс, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

   Сонымен қатар, партия Төрағасы жергілікті жерлерде партия органдарының жұмысын күшейту және партияның ел өңірлеріндегі біріктіруші рөлін арттыру қажеттілігін атап өтті.

   Сөз соңында Елбасы тағы да партияның электоралды кезең қарсаңындағы жұмысын күшейтудің маңыздылығына тоқталды.

   – Жеңіске жету үшін барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек. Ақпан айында партия съезі өтеді. Онда біз партия жұмысын жандандырудың алдын-ала нәтижелерін шығарып, алдағы электоралдық міндеттерді егжей-тегжейлі талқылаймыз. Қазір «Jas Otan» мемлекеттік органдармен бірлесіп 2025 жылға дейін жаңа «Жастар-Отанға» бағдарламасын әзірлеуде. Онда бүгінгі жастардың барлық сұраныстарына жауаптар көрсетіледі. Сәуір айында жаңа бағдарлама «Jas Otan» съезіне ұсынылуы қажет, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

   Кездесу барысында Елбасы белсенді мүшелерді «Nur Otan» партиясының дамуына қосқан үлесі үшін «Белсенді қызметі үшін» медалімен марапаттады.

 

Дереккөз: https://elbasy.kz/kk/news/2019-11/nursultan-nazarbaev-nur-otan-partiyasy-oblystyk-filialdarynyn-okilderimen-kezdesti